Адам өлтіру жоспары ма, әлде арандату ма? "Күйеуін өлтіруге киллер жалдаған" әйелдің ісі

"Бұрынғы күйеуін өлтіру үшін киллер жалдаған" деген айып тағылған Эльвира Еркебаева (оң жақта тұрған) мен оның сыбайласы Максим Кузнецовтың соты (видеодан скриншот)

Батыс Қазақстан облысында "бұрынғы күйеуін өлтіруге тапсырыс берген" деген күдікке ілінген әйел мен оның сыбайласы деп танылған адамның ісін қарап жатқан соттың алқа билер құрамы қайта жаңармақ. Әйел өзіне жалған айып тағылғанын айтады. Оның адвокаты істегі дүдәмал тұстар сотта анықталды дейді.

Your browser doesn’t support HTML5

Эльвира күйеуін өлтіруге киллер жалдады ма? Ақсайдағы операция

"Адам өлтіруге тапсырып беруші"

Эльвира Еркебаева "бұрынғы күйеуін өлтіруге адам жалдады" деген күдікпен ұсталып, тергеу абақтысына қамалғалы бір жарым жыл өтті. Оны полиция арнайы операция аясында ұстаған. Бұл іс тергеушілерден сотқа жетіп, алқабилердің қатысуымен басталған сот тергеуі біршама тұсына жеткенде тоқтап қалды. Прокурордың талабымен алқа билер құрамы қайта іріктеліп жатыр.

Сотқа дейінгі тергеу қорытындысы бойынша, Эльвира Еркебаева мен Максим Кузнецовқа алдын ала сөз байласу арқылы адам өлтіруге оқталу бабымен айып тағылған.

Эльвира өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, жиырма жыл отбасында зәбір көрсеткен адамды өлтіру ниеті болмағанын, қаруды қорғану үшін сатып алмақ болғанын айтады. Айыпталушының адвокаты полиция қызметкерлері заң талаптарын өрескел бұза отырып, Эльвираны қылмысқа күдікті етіп көрсетуге тырысқан деп есептейді. Азаттық осы істің сотқа дейін тергеу құжаттарымен және тараптардың сот процесі кезінде айтқан уәждерімен танысты.

Эльвира Еркебаева

Оқиға былтыр ақпанда Батыс Қазақстан облысы Ақсай қаласында болған. Тергеу құжаттарында Эльвира Еркебаева бұрынғы күйеуі Ербол Еркебаевпен араздасып, оны өлтіруге оқталған деп көрсетілген. Эльвираға танысы Максим Кузнецов көмектеспек болып, бұрын сотталған Евгений Галиев деген адамды тапқан. Тергеу құжатына қарағанда, Галиев Эльвираның қылмыстық пиғылы туралы құқық қорғау органдарына хабарлағаннан кейін, полиция қылмысқа оқталу және сөз байласу әрекеттерін бұлтартпайтын айғақ-дәлел ретінде тіркеп, күдіктілерді қолға түсіру мақсатымен Галиевтің өзін қатыстыра отырып арнаулы операция жүргізген. Сөйтіп, операция нәтижесінде Эльвира мен Максим қамауға алынған.

Бір қарағанда, бұл істе бәрі түсінікті сияқты көрінеді. Бірақ былтыр күзде басталған сот тыңдауы кезінде полиция арнаулы операция кезінде жасырын жазылып алынған телефон әңгімелері тыңдалып, істің жаңа қырлары ашылғаннан кейін Эльвираға тағылған айыптарға байланысты бірқатар дүдәмал жайттарға байланысты сұрақтар туған.

Отбасындағы әңгіртаяқ

Эльвира Ерболға 19 жасында, 2003 жылы тұрмысқа шыққан. Өзінен жеті жас үлкен, спортқа жақын, жеке кәсіппен айналысатын жігітпен 20 жыл отасқан.

Сот кезінде Эльвира тұрмысқа шыққаннан кейін екі аптадан соң-ақ күйеуі зәбір көрсете бастағанын, ал екі айдан соң ұрып тастағанын айтып берді. Жас келіншек заттарын жинап, кетіп қалған. Бірақ әулеттің үлкендері араласып, екі жасты қайта қосады. Эльвираның сөзінше, Ербол бұдан соң әйеліне қол қөтеруді әдетке айналдырған. Биыл 3 сәуірде өткен сот отырысында Эльвира бастан кешкенін жылап тұрып баяндаған еді.

– Ол кезде Амира шамамен үш жаста еді. Ербол түнде келді. Не болғанын білмеймін. Көңіл-күйі жоқ, мені түн ортасында оятып алды да, бетімнен салып қалды. Қызым шошып оянып, жылай бастады. Мен оның неліктен ашу-ызаға булыққанын түсінбедім. Сұрақтарыма боқтап қана жауап берді, "жап аузыңды!" деп айқайлады. Мені тыр жалаңаш шешіндіріп, подъезге күштеп шығарып жіберді. Қызым іште қалды. Мен жалынып, есікті ашшы дедім. Жыладым, есік қақтым, ашпады. "Мына күйіммен қайда барамын?" дегенімді де тыңдаған жоқ. Ол кезде төменгі қабатта туған сіңілім тұратын. Есігін қағып, түн ортасында оятып, көмек сұрадым. Сіңілім маған өз киімін берді, - деді Эльвира Еркебаева.

Күйеуінің әңгіртаяғына шыдай алмаған Эльвира бірнеше рет туыстарынан көмек сұраған, полицияға шағым түсірген. Ербол Эльвираның жақындарын бірде "әйелім кетсе, өзіме қол саламын" деп, енді бірде "балаларды көрмейтін боласыңдар" деп қорқытқан. Ал полиция "қорғану нұсқама" деген ескерту қағазын берумен шектелген. Эльвираның сөзінше, күйеуі өзіне ғана емес, балаларына да зәбір көрсеткен.

– Бір күні ұлым Мүслім даладан келіп: "Мама, ішім ауырып, жүрегім айнып тұр" деді. Ербол оған: "бозөкпе неме, бар, турникке тартыл!" деп айқайлады. Қатты ашулы еді. Оны турникке тартылуға мәжбүрледі, өзі отырып санады – балам 40 рет тартылды. Мүслімнің өңі бозарып, терлеп, шаршап қалды. Бірақ Ербол оған түсуге рұқсат бермеді. 40-қа дейін санап болған соң: "бөлмеңе бар, бір минут демаласың да, сосын қайта жалғастырасың" деді. Мен залда отырдым, ештеңе істей алмадым, ұлымды қорғай алмадым. Содан соң бөлмесінен "мама, мама!" деген дауыс шықты. Жүгіріп барсам, көп жерге құсыпты. Оған дискинезия деген диагноз қойылған, күш салып, жаттығуға болмайтын. Жедел жәрдем шақырдым. Ерболға "Неге баланы бұлай қинайсың? " десем, "ол мені алдап тұр екен деп ойлаппын" деді. Мен балаларды қатты уайымдаймын, соларға бірдеңе болмасыншы деп үрейде жүремін. Әйел болғасын физикалық тұрғыда оларды қорғай алмадым. Полиция да одан қорқады, бүкіл қала қорқатын, - деді сотты Эльвира Еркебаева.

Эльвира күйеуімен 2014 жылы заңды түрде ажырасқан. Алайда балалар Ерболдың қолында болғандықтан алысқа ұзап кете алмай, бірге тұра бергенін, бұрынғы күйеуі әңгіртаяқ ойнатуын қоймағанын айтып берді.

Полиция іске асырған арнаулы операция

Эльвира 2023 жылы Ербол оны қатты ұрып-соққан кезде үйден кетіп қалып, 10 ай бойы одан тығылып, жалға алған пәтерде тұрған. Сотта Эльвира күйеуінен қорғанбақ ниетпен травматикалық қару сатып алмақ болып, танысы Максимнан көмек сұрағанын айтты. Максим травматикалық қару емес, кәдімгі суық қаруың болғаны жөн деп кеңес берген. Сөйтіп ол қару сататын Евгений Галиев деген адамды табады.

Тергеу деректерінде Евгений Галиев туралы ақпарат аз. Тек бұрын бірнеше рет сотталған адам екені жазылған. Галиев өзіне Максим қару жайлы хабарласқаннан кейін полицияға хабар берген. Ол полицияға арызда Эльвира мен Максим қару іздеді деп емес, "киллер іздеп жүр" деп жазған. Сөйтіп полиция "адам өлтіруге оқталғандарды ұстау операциясын" бастаған. Евгенийге жасырын жазып алатын арнаулы құрылғы тағып, Эльвирамен кездесуге жіберген.

Эльвираның соттағы сөзіне қарағанда, Галиев кездесуде оның бұрынғы күйеуі Ерболды танитынын, онымен араздығы барын айтып, "мәселені шешіп беруге" уәде еткен. Еркебаеваның сөзінше, қастандық туралы әңгімені Галиевтің өзі бастаған.

– Ол маған: "Қарындасым-ау, сен не істей аласың Ерболға?" деді. "Оны танимын, өте қауіпті адам, бір рет онымен араздасып қалғам, онда кеткен есем бар" деді. "Өзім көмектесемін, бәрін шешіп беремін" деді. Адам өлтіру жайлы ешқандай әңгіме болған жоқ. "Өзім шешем" дегенін еркекше сөйлесер я Ерболды қорқытар деп түсіндім, – деді Эльвира Еркебаева 2025 жылғы 3 сәуірде сотта сөйлеген сөзінде.

"Бұрынғы күйеуін өлтіру үшін киллер жалдаған" деген айып тағылған Эльвира Еркебаева (оң жақтан екінші отыр) мен оның сыбайласы Максим Кузнецовтың соты (видеодан скриншот)

Азаттық танысқан тергеу құжаттарында Эльвира Еркебаева мен оған қару табуға көмектеспек болған танысы Максим Кузнецовтың әрекетін және олардың қалай тұтылғанын сипаттап жазған.

Тергеу материалдарынан үзінді:

2024 жылғы 20 ақпан мен 26 ақпан аралығында Эльвира мен Максим өздерінің қылмыстық ниетінен бас тартпай, алдын ала сөз байласу және рөлдерді бөлісу арқылы, адам өлтіруді көздейтін бірлескен қылмыстық ойды жүзеге асыру мақсатында, жасағалы жатқан әрекеттерінің салдары адам өліміне әкеп соғуы мүмкін екенін түсіне отырып және адам өлімі болғанын қалаған күйде, Ерболды өлтіруге дайындықты бастап, қолайлы сәтті күтеді. <…> Максим Евгенийге адам өлтірудің жартылай ақысы ретінде 500 000 теңге берген, сондай-ақ қастандық жоспарланған спорт кешенінің терезе жақтауын бұзып кіру үшін бұрауыш (отвертка) табыстайды. 24 ақпанда Максим Евгенийге адам өлтірудің тағы бір бөлігі ретінде 800 000 теңге берген. 2024 жылғы 26 ақпанда Ерболды өлтіру имитациясы (жалған көрініс) жасалып, осыдан кейін Эльвира мен Максимді полиция қызметкерлері ұстады.

Эльвира Еркебаева Евгений Галиевпен кездескенін, ақша бергенін мойындайды. "Бірақ, тергеу құжаттарында айтылғандай, оған ақшаны адам өлтірсін деп емес, қару сатып алсын деп бердім" дейді әйел. Адвокаттарының сөзінше, Галиев операция барысында Эльвира мен Максимді Ерболды өлтіруге көндіруге тырысқан. Олардан тағы ақша сұрап, қастандық операциясын ұйымдастыруға тартқан.

– Психолог Гордеева мен психолог Байдалиева: "Эльвираның психикасына ұзақ уақыт бойы өте ауыр салмақ түскен" деді. Өз іс-әрекетіне есеп бере алмайтын халге жетіп, күйзелістен езіліп, еркінен айырылып, өзгенің жетегінде кететін жағдайда болған. Істе "киллер" деп аталатын Евгений Галиевтің екеуара әңгіме кезінде айтқан 779 сөзін психолог сарапшылар бұйрық райындағы үстем әрі нұсқау сөздер деп таныды. Ал оған жауап қайтарған Эльвираның 88 сөзін де солай деген, – деді Эльвира Еркебаеваның адвокаты Тамара Сәрсенова.

Адвокаты Эльвира қамауда отырған бір жарым жылда әбден күйзеліп, денсаулығы сыр бергенін айтады.

Арнаулы операция толықтай полицияның жедел топ өкілдерінің бақылауымен іске асырылған. Сотта тыңдалған жазбаларға қарағанда, Эльвира Евгенийдің қастандық туралы жоспарын тоқтатуға екі рет тырысқан, "Ерболды өлтірмей, тек маған қысым көрсетуін тоқтатуға көндір" деп өтініш айтқан. Бірақ Евгений "бастаған істі аяғына дейін жеткізейік" деп, Эльвира мен Максимге қастандық бойынша нұсқау беріп отырған.

Айыпталушылардың адвокаттары полицияның нұсқауымен операцияға қатысқан Евгений Галиевтің Эльвира мен Максимді қылмысқа арандатқан іс-әрекетін тергеу көпе-көрнеу ескермеді деп есептейді.

– Эльвира Еркебаева мұқият жоспарланған тұзаққа түсіп қалды. Қызметте жақсы нәтижемен көрініп, жаңа шенге қол жеткізуді көздеп, "аса ауыр қылмыс ашылды" деп есеп беру үшін бұрын 7 рет сотты болған, мемлекетке те, адамдарға да түкіргені бар Евгений Галиевті тарта отырып ұйымдастырылған іс бұл. Эльвира ешкімді өлтіргісі келмегені сот кезінде қылмыстық істен белгілі болды. Кузнецов оған (Галиевке): "Эльвира күмәнданып отыр, жазғанын саған көрсете алам, ештеңе істемей-ақ қойсақ қайтеді?" деген. Галиев: "Жоқ, біз күмәнданбаймыз, 13 жыл отырып шыққан адаммын, бауырым" деген. Бұл жерде адам өлтіруден ерікті түрде бас тартқан ғой, Эльвира "ештеңе істеудің қажеті жоқ" дегенді Кузнецов арқылы жеткізіп отыр. Ал Галиев қамауда болғанын алға тартып, бой бермеген. Белгілі болғандай, жедел топ қызметкерлері бүкіл әңгімені тыңдаған. Олар Галиев Кузнецов пен Еркебаеваны шақырып алып, сөйлескен жалға алынған пәтерді алдын ала камералармен жабдықтап, барлық әңгімені жазып алған. Және олар (Кузнецов пен Еркебаева) пәтерге келмей тұрып, жедел топ қызметкері мен Галиев қай бұрыштан жақсы көрінеді, қай жерде отырса жақсы естілетіні жайлы өзара кеңескен. Бұл жазба да сотта көрсетілді. Полиция Галиевке не істеп, не айту керегі жайлы нұсқау берген. "Егер оны бүгін шығарудың реті келмесе, қандай да бір жолмен оның телефонын алып, өз телефоныңа қоңырау шалып қой" дейді. Ол не үшін қажет? Мұның бәрі қылмыс жасалды деген көрініс жасау үшін істеліп отыр. Бұл – қып-қызыл арандату. Қылмыстық кодексте азаматтарды мұндай әрекетке мәжбүрлеп, арандатуға тыйым салатын арнайы норма да бар, – деді Эльвира Еркебаеваның адвокаты Тамара Сәрсенова.

Азаттық адвокаттың осы сөзіне байланысты Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ресми өкілі Нұржан Қуанғалиға хабарласты. Ол журналистің сұрағын ести сала, "Еркебаеваның ісі сотта қаралып жатыр, пікірді солардан сұраңыздар" деді. "Адвокат полиция ұйымдастырған арнаулы іс-шараны арандату әрекетіне ұқсатып отыр, сондықтан сіздерден пікір керек еді" деген Азаттық тілшісіне ол: "Біз пікір білдірмейміз" деген жалғыз ауыз сөзбен жауап қатты.

Осы қылмыстық істе аты-жөні аталған Евгений Галимовтен ол туралы айтылған жайттарға байланысты пікір алудың сәті түспеді. Оның қай жерде тұратынын, немен айналысатынын анықтау мүмкін болмады.

Алқа билер құрамын өзгерту туралы прокурор талабы

Бұл іс бойынша сот тергеуі былтыр қыркүйекте басталып, биыл мамырда жарыссөзге келген тұста тоқтап қалды. Бұған сот процесінде прокурор ауысқаны себеп болды. Жаңа айыптаушы алқа билер құрамындағы үш адамның жақын туысы тұрмыстағы зорлық бабымен жауапқа тартылғаны белгілі болғанын алға тартып, оларға сенімсіздік танытқан. Судья прокурордың өтінішін орындап, алқа билер құрамы қайта жасақталатын болды. Осылайша 9 ай бойы өткен сот процесі енді қайтадан басынан бастап қаралады.

Былтырғы қыстан бері қамауда отырған Эльвира бұл шешімге наразылық ретінде нәр татпай аштық жариялады. Үшінші күні есінен танып, дәрігер көмегіне жүгініп, аштығын тоқтатуға мәжбүр болды. Эльвираның адвокаты іс әдейі созбақталып жатыр деп есептейді.

– Біз алқабилер құрамын таңдаған кезде бірнеше отырыс өткіздік. Оның құрамы үшінші жолы бір-ақ анықталды. Сол кезде прокурор: "Отбасында бұрын зорлық-зомбылыққа ұшыраған, тұрмыста жұбайынан я жақын адамынан құқай көргенін айтып арызданғандар бар ма?" деп сұраған. Сонда 11-нөмірлі қыз қол көтеріп, бұрын отбасында күйеуінен әлімжеттік көргені жайлы арыз бергенін, кейін одан ажырасқанын айтты. Прокурор үнсіз қалған-ды. Сол үнсіздіктің себебі енді түсінікті болды: егер алқабилер Эльвираны қолдап, оны ақтайтын ұйғарым шығаратындай болса, әлгі зәбір көрген алқаби қызды прокурордың бұл істі қайта қарауға өтініш айтуына ілік ретінде пайдалану мақсатымен әдейі қалдырған деп ойлаймын. Және прокуратура қазір ақтайтын үкім шығарын білді. Олар не істеді, олар фактілер іздей бастады. Мысалы, [алқабилердің] бірінің жұбайы олар үйленерден үш жыл бұрын сотты болғаны белгілі болды. Және де, егер Эльвира ақталып жатса, бұл іс – арандату екені әшкереленіп, оған қатысы бар барлық қызметкер мен тергеуші қылмыстық жауапқа тартылуға тиіс болар еді, – деді адвокат Тамара Сәрсенова.

Қазір алқа билер құрамы қайта іріктеліп жатыр. Егер сот "Алдын ала сөз байласу арқылы адам өлтіруге оқталу" бабымен айып тағылған Эльвира Еркебаева мен Максим Кузнецовты сот қылмысқа кінәлі деп тапса, екеуі 15 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге сотталуы мүмкін.

"Өзімді жәбірленушімін деп есептемеймін"

Бұл істе жәбірленуші Ербол Еркебаев сот кезінде бұрынғы әйеліне ешқандай кінә тақпайтынын айтқан.

Прокурор мен жәбірленуші Ербол Еркебаевтың соттағы сұрақ-жауабынан:

– Соттан, алқа билерден сотталушыларға қандай жаза сұрайсыз?
– Жазалаудың қажеті жоқ. Бүгін-ақ босата салсаңыздар болады.
– Ешқандай талап қоймайсыз ғой, солай ма?
– Жоқ.
– Бұдан бұрынғы отырыстарда "жәбірленуші емеспін" деп айтқансыз, солай ма?
– Иә, өзімді жәбірленушімін деп есептемеймін.

Ал тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы қойылған сұрақ Ербол Еркебаевтың шамына тигендей болды.

Прокурор мен жәбірленуші Ербол Еркебаевтың соттағы сұрақ-жауабынан:

– Араларыңызда жанжал болып па еді?
– Иә, бізде болған.
– Жанжал кезінде қол көтеретін бе едіңіз?
– Мен [Эльвираға] қол көтерген болсам, ол қазір мына жерде сөйлеп отырмас еді.
– Қарым-қатынастарыңыз туралы сұраққа: "Біздің арамыз жақсы. Оған қол көтерген болсам, қазір мына жерде сөйлеп отырмас еді" дедіңіз, бұл сөзіңіз нені білдіреді?
– Бұл менің қалай соғуды білетінімді білдіреді. Егер мен ұрсам, ол адам дем ала алмай қалады, енді түсінікті ме? Онымен 20 жыл бірге тұрдым, егер оны ұрсам, әлдебір нәрсе болса, ол әдеттегідей жүре береді деп ойлайсыз ба?

Жәбірленушінің өкілі Ерлан Бердіғалиев те "Ербол Эльвираға саусақ ұшын да тигізбегенін" айтты.

– Ол моральдық я психологиялық қысым көрсеткен шығар. Бірақ оған саусағын да тигізбеген, шашынан сүйремеген, ыстық су құйып күйдірген жоқ. Оның бәрі – далбаса, ондай болған емес, – деді Ерлан Бердіғалиев.

Қазақстан заңы бойынша, аса ауыр қылмыс түрлері туралы істерде жәбірленуші арыздан бас тартса да, іс міндетті түрде тергеліп, сотқа жетуі керек. Эльвираға тағылған айып осы санатқа жатады.

Бұрынғы ерлі-зайыптының екі баласы бар. Биыл мектеп бітірген ұлы қазір әкесімен, қызы анасының сіңлісімен тұрып жатыр.