Женевада үш еуропалық мемлекет Иранмен келіссөз жүргізеді

Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи 15 маусым, 2025 жыл.

Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Израиль шабуылы жалғасып жатқан тұста Тегеран АҚШ-пен келіссөз жүргізбейтінін мәлімдеді.

Аракчи Вашингтонды Израильге көмектесіп отыр деп тағы айыптады. Бұған дейін АҚШ соққыға қатысы барын жоққа шығарған.

Дегенмен БАҚ-тың жазуынша, Вашингтон мен Тегеран арасында байланыс бейресми деңгейде жүріп жатыр. Атап айтқанда, дереккөздерге сүйенген Reuters Аракчи мен АҚШ президентінің уәкілі Стивен Уиткофф арасындағы телефон әңгіме жөнінде жазды.

Бүгін, 20 маусымда Женевада Иран сыртқы істер министрі мен АҚШ-қа НАТО бойынша одақтас бірнеше елдің сыртқы істер министрлері кездеседі. Израиль Иранға соққы жасай бастағаннан кейін олар Тегеранды ядролық бағдарлама бойынша келіссөзге оралуға шақырған. Ақпаратқа қарағанда, Аракчидің ұшағы Женеваға ұшып кеткен, ал тегерандағылар Израиль шабуылдамайтынына уәде алғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Ұлыбритания сыртқы істер министрі Дэвид Лэмми АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен кездескен. Кездесуден соң Лэмми X желісінде қазір дипломатиялық шешім табатындай мүмкіндік пайда болғанын – оған шамамен екі аптадай уақыт барын айтты. Sky News хабарлауынша, Женевада Ұлыбритания сыртқы істер министрі Иранға АҚШ-тың “сәлемдемесін” тапсырмақ.

Бір күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық нысандарына соққы жасау операцияларына АҚШ қосыла ма, жоқ па, екі аптада белгілі болатынын айтқан. Трамптың мәлімдемесінде қазір келіссөз жүргізу мүмкіндігі бар екендігі жазылған.

Ал Тегеранның ресми позициясы айқын – ол ядролық қару жасамайтындығын растауға дайын, бірақ ядролық зерттеулерден бас тартпайды.

Жұмаға қараған түні Израиль мен Иран тағы бір-бірін соққылады. Иран баллистикалық ракеталармен соққы жасаған. Атып түсірілген ракетаның бір бөлшегі Израильдің оңтүстігіндегі Беэр-Шева қаласына түсіп, ірі өрт болған. Бірнеше адам зардап шеккен. Тұрғын үйлер мен кеңселер де бүлінген.

Израиль әскері жұмаға қараған түні Ирандағы бірқатар нысандарға жойғыш ұшақ және дрондармен соққы жасағанын мәлімдеді. Израиль әскерінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тегерандағы ракета шығаратын бірнеше өнеркәсіпке шабуыл жасалған. Бұған қоса, Тегерандағы қорғаныс инновациясы мен зерттеулер ұйымының (SPND) штаб-пәтеріне де соққы жасалған.

Израиль Иранға ядролық қару жасауға бөгет жасайтынын мәлімдеп, өткен жұмадан бері соққы жасап келеді. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік жұма күні Израиль шабуылының салдарынан Арактағы ядролық реактор ірі зақымдалғанын растады. Атап айтқанда, ауыр суды өңдеу кешенінің негізгі элементі бұзылған. Израиль өзге де ядролық нысандарды бомбалаған. Әзірге бұл соққылар Иранның ядролық бағдарламасын тоқтата алды ма, жоқ па, әзірге белгісіз.

Өткен жұмадан бері құқық қорғаушылардың мәліметінше, Израиль соққысынан бірнеше жүз адам қаза болған, арасында жоғары лауазымды әскери тұлғалар мен ядролық қаруға қатысы бар ғалымдар, бейбіт тұрғындар бар. Израильде 20-дан астам бейбіт тұрғын қаза болған, арасында Украинаның бірнеше азаматы бар.