Маңғыстау облысына дрон құлады

Маңғыстау облысының картасы

19 маусымда Маңғыстау облысы Қарақия ауданы шекарадағы “Болашақ” темір жол станциясы маңынан белгісіз ұшқыш аппарат табылды деп жаздыLada басылымы. Полиция ешкімнің зардап шекпегенін айтқан.

“Қандай да бір зиян келген жоқ. Оқиғаның жай-жапсары анықталып жатыр” деді полиция өкілдері басылымға.

Маңғыстау облысынан дрон алғаш рет табылып отыр. Бұған дейін Батыс Қазақстан облысындағы бірнеше елді мекендерге дрон құлаған еді.

18 ақпанда Бөкей ордасы ауданы Ұялы ауылының маңына ұшатын аппарат құлаған.

18 наурызда тағы бір дрон Тасқала ауданы аумағына құлағанын Атамекен ауылының тұрғындары хабарлаған. Заттың ұзындығы – 300 см.

24 наурызда Жанібек ауданы аумағынан дрон бөлшектеріне ұқсас заттар табылған. Екі күннен кейін Жәнібек ауданынан тағы дронға ұқсас аппарат табылды.

BES.media басылымы Ұялыда табылған дронның пішіні Ресейдің "Орлан-10" дронына ұқсас деп жазды. "Рособоронэкспорт" сайтының мәліметінше, мұндай дрон жер мен су бетін қашықтан бақылауға, GSM базалық станциялары мен ұялы байланыс желілерін анықтауға арналған.

Батыс Қазақстан облысы аумағынан 18 ақпан мен 18 наурызда табылған дронға ұқсайтын екі заттың фотолары әлеуметтік желіде жарияланған.

Маусым айының басында қорғаныс министрлігі БҚО-ға құлаған дрондар Ресейге тиесілі екенін, оларды жалға алынған полигонда сынақ кезінде ұшырғанын мәлімдеген.

Қазақстанның Ресеймен шекаралас аудандарында бұрын әскери зымыран қалдықтары бірнеше рет табылған. Ресейдің Астрахан облысында Капустин Яр әскери полигоны орналасқан. 2018 жылы жазда Батыс Қазақстан өңіріне құлаған зат сол полигоннан ұшырылған зымыранның бөлшегі екені анықталған.